Үкімет басшысы «Нұр Ақтөбе» ауданын аралады
Үкімет басшысы "Нұр Ақтөбе" ауданына да ат басын бұрмай кетпеді. Алдымен болашақта 250 мың тұрғын еркін сыятын ауданның макетімен танысты. 92 блокты тұрғын үйлерді бүге-шүгесіне дейін талқылады. 282 мың шаршы шақырымды алып жатқан ауданда 5 мың пәтер орналасады. Сондай-ақ премьер-министр «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына мән берді. Ауданның абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлу қажеттігін тапсырды. «Нұр Ақтөбе» жаңа ауданының тұрғыны Балбөпе Келімбердиева жақында ғана қоныс тойын тойлаған. Жас отбасы өз қалашықтарында бой көтеріп жатқан үйлерді алғаш көргенде таңданыстарын жасыра алмапты. Осы уақытқа дейін Базарбаевтар отбасы пәтер жалдап келген. Отағасы жеке фирмада көлік жүргізушісі. Балбөпе әзірге бала күтімімен үйде отыр. Жас анаға аулаларындағы спорт алаңы мен балаларға арналған әткеншектердің көп болғаны өте ұнайды. Сықырлаған аязда пәтер іші ұядай. Балалы шаңырақ осыған қуанышты. Тек зәулім үйлердің айналасында көлік тұрағы жоқ. Аулада ойнайтын баласы барларды осы ғана қинайды. Тұрғын үйлерде автоматты жылыту құрылғылары, есептегіштер барлығы жертөледе орнатылған. Газ, су, электр желілері жүргізіліп болды. Тек тұрғындары күн сайын көбейіп жатқан ауданның тұсына автобус аялдамасын салу кешеуілдеуде. Жолға шыққандар ұзын тас жолдың бойында бүрсеңдейді. Және арнайы қоғамдық көлік қажет дейді тұрғындар. Әйтпесе сонау Пригородный елді мекенінен бастап қалаға жолаушы таситын жалғыз автобус таңда да, кеште де лық толы. Қазір шағын ауданда тағы 700-ден аса пәтердің құрылысы аяқталуға жақын. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша ол үйлер келесі жылы иелеріне беріледі. Құрылыстың сапасы мен жайлылығына тұрғындардың көңілі толады. Ал келер жылы осы ауданда 320 орындық балабақша, 1 мың орындық мектеп және бір уақытта 500 адамды қабылдайтын емхана құрылысы басталмақ. |
Количество показов: 2160
Дата создания: 29.01.2014 19:12:13