Көлік жолдары тазартылып, қоспалар себілуде
Қалада қыс қаһарына мінді. Соңғы онкүндікте толассыз жауған қар көшелерді басып салды. Басты көшелерде көктайғаққа қарсы қоспалар себілуде. Көшелерде қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, қалың қардың кесірінен көлік кептелістерінің алдын алу шаралары бірінші кезекке қойылды. Қар тазалау ісіне жауапты «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мекемесі басшысының орынбасары Қуандық Қасымовтың айтуынша, бүгінде қала аумағынан шамамен 10 мың тонна қар шығарылыпты. Қаланың 150 көшесі мен бес селолық округтегі көлік жолдарын күзгі-қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарымен «Таза қала», «Тазалық», «АктобеГорДорСтрой», «КТП», «Ақжол ЛТД», «АССАНА-СтройСервис», «Дорожник-К» мекемелері айналысады. Әрбір мекеме тиісті аумақтарын тазалап, қардан аршиды. Әдеттегідей, аялдама алаңдары мен жол жиектерін, жаяу жүргіншілер жолдарын, гүлзарлардағы тротуарларды қар мен мұздан арылтады. Биыл қала аумағын тазалау жұмыстарымен 200 техника айналысады. Арасында - аударғыш көліктер, автогрейдер, тиегіш техникалары мен құмшашқыштар, қар жинағыш, тіркеме грейдерлер бар. Қаланы қардан тазарту кезінде мекемелер орталық көшелерге баса мән береді. Оның ішінде Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова, Абай даңғылдарына ерекше назар аударылады. Қала сыртындағы айналма жолдардың маңы да назардан тыс қалмайды. Мамандар жеке үйлерде тұратын тұрғындарға қарды аула сыртына шығаруды ескертеді. Әзірге ақтөбеліктер бұл жағынан белсенділік танытпай тұр. |
Количество показов: 2068
Дата создания: 18.12.2013 19:04:54