Көктемгі әскерге шақырту басталды
Қазақстанның қарулы күштерінде көктемгі жаңару кезеңі. Былтыр көктемде сарбаз қатарына алынғандар Отан алдындағы борыштарын өтеп болып, үйлеріне оралып жатыр. Осы маусымда Ақтөбеден әскерге 1 мың жігіт жіберіледі. Алғашқы лек сәуірдің 23-де Алматыға шекара қызметіне аттандырылады. Науқан маусымның 30-на дейін жалғасады. Әскерге шақырту алған жігіттер қазір медициналық тексеруден өтіп жатыр. Жасы 18 бен 27-нің аралығындағы, дені сау, білімі жоғары бозбалалар бірінші кезекте жөнелтіледі. Жүйке жүйесі әлсіз, бойы мен салмағы сәйкес емес, майтабан ұлдар әскерге жарамсыз. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Мирбек Сансызбаевтың айтуынша, бұл жолы шақыртылғандардың көбінің денсаулығында кінәрат жоқ. Ел шебін күзетуге біздің облыстан барлығы 200 сарбаз алынбақ. 20 жігіт әскери борышын "Ұлан" гвардиясында, 200 бозбала қорғаныс істері жөніндегі министрліктің әскери бөлімшелерінде, 400 азамат ішкі әскерде өтейді. Тағы 30 болашақ жауынгер төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелеріне жол тартады. Денсаулығына байланысты не отбасы жағдайына орай әскерге бара алмайтындар үшін қазір әскери билет алуға мүмкіндік бар. Былтыр қыркүйек айында қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жанынан әскери-техникалық мектеп ашылды. Оған 22-27 жастағы жігіттер қабылданады. Әскери-техникалық мектепті ашылғалы 160 азамат бітіріп, қолына әскери билет алған. Бұл жігіттер енді ешқашан әскер қатарына шақыртылмайды. |
Количество показов: 2244
Дата создания: 08.04.2014 17:56:08