Гүлдира Сәкенованы өлтірген жігіт өмір бойына, қыз 25 жылға бас бостандығынан айырылды
21 жастағы Сергей Наумцев пен оның сыбайласы 20 жастағы Виктория Савичтің соты осыдан бір апта бұрын басталған. Жігітке ҚР ҚК-ның бұзақылық, кәмелетке толмаған баланы зорлау және кісі өлтіру баптары бойынша, ал құрбысына кәмелетке толмаған баланы зорлауға көмектесу, кісі өлтіру баптарына сәйкес айып тағылды. Алқабилердің қатысуымен өткен процесс не бары сегіз күнде аяқталды. Гүлдираның әкесі Амангелді Сәкенов судьядан бұған дейін басты айыпты деп санаған Наумцев үшін өлім жазасын, ал оның құрбысын өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Бүгін сот 21 жастағы Сергей Наумцевті өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ол жазасын ерекше режимдегі колонияда өтейтін болды. 20 жастағы Виктория Савичке 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді.
Адвокаттардың үкімге қатысты ойларын білу мүмкін болмады. Олар сот залынан бірден шығып кетті. Ал, Гүлдира Сәкенованың туыстары сот шешімімен келісті. Марқұмның туыс ағасы Талғат Құлтазин сот үкіміне шағымданбайтынын, бірақ сотталғандардың түрмеден мерзімінен бұрын босап кетпеуін қадағалайтынын айтты.Елдің жағасын ұстатқан бұл қылмыс былтыр қазан айында орын алған болатын. Тургенев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында жол сөмкесіне салынған қыз баланың мәйіті табылған. Полицейлер оқушы қыздың өліміне күдікті екеуді көп ұзамай ұстады. Виктория Савич Гүлдираны өлтіргенін бірден мойындады. Ал, Сергей Наумцев қылмысты ақырына дейін мойнына алмады.
|
Количество показов: 2260
Дата создания: 06.02.2014 19:18:15