Ескі қалада үй аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңдары пайда болады
Биыл ескі қалада бірқатар тұрғын үйдің ауласы жарықтандырылып, балалар ойын алаңдары орнатылады. Бұл туралы бүгін "Алматы" ауданының әкімі Абат Көбенов ескі қала тұрғындарымен кездесу барысында айтты. Жиында аудан әкімі тұрғындар жиі қоятын әлеуметтік маңызы бар сауалдарға жауап берді. "Алматы" ауданының әкімі Абат Көбенов бірінші кезекте ескі қала аумағында санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу мәселесіне тоқталды. Бұл ретте жауапты "Өтес Ақтөбе" ЖШС-не жұмысты дұрыс атқармағаны үшін қатаң ескерту берілгенін атап өтті. Сондай-ақ, аталған аумақтан дер кезінде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығармаған "Клин Сити Ақтөбе" ЖШС де қатаң ескерту алды. Ауданда "Халық қатысатын бюджет" жобасы қолға алынуда. Оның негізінде бірқатар аула жарықтандырылып, абаттандырылады, сондай-ақ, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдары орнатылатын болады. Ескі қала тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе - қаңғыбас иттердің көбеюі. Аудан әкімінің айтуынша, тұрғындардың шағымына сәйкес қалалық ветеринарлық стансасы "Алматы" ауданы бойынша 2169 бұралқы иттің көзін жойды, оның 85-і осы ескі қалада ұсталды.Количество показов: 790
Дата создания: 15.08.2022 17:49:36