Ерхан Омаров әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтады
Ертең, 8-наурыз, халықаралық әйелдер күні. Қала әкімі Ерхан Омаров ертеңді күтпей, ақтөбелік қыз-келіншектерді көктемнің алғашқы мерекесімен бүгін құттықтады. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында салтанатты кеш өтіп, нәзік жандылар сый-сияпатқа бөленді. Бүгін сахна төрінде шырқалған ән, айтылған сөз, биленген би аналар жайлы. Және тек аналардың құрметіне. Салтанатқа соғыс және еңбек ардагерлері, көп балалы аналар, белсенді әйелдер, қаланың құрметті азаматшалары, қалалық әкімдікте бұрын жұмыс жасаған және қазір еңбек ететін әйел-қызметкерлер шақырылған. "Алтын алқа" иегері Ғалима Жаубатырова - жеті баланы өмірге әкеліп, өсірген, әрқайсысына лайықты білім беріп, өз алдына шаңырақ құрғызып, еншісін берген ана. Ол осы кештің құрметті қонағы болып, қала әкімінің құттықтауын өз аузынан естіді. Әйелдер қауымы қазір қоғамның белсенді мүшесі. Бесікті тербете отырып, бизнес жүргізеді. Саясатта да алда. Қалалық әкімдіктің өзінде 14 бөлімнің бесеуіне нәзік жанды жетекшілік етеді. Әкімнің үш орынбасарының біреуі әйел адам. Шаһар басшысы Ерхан Омаров ақ жаулықты әжелерді, аналар мен аруларды 8-наурыз мерекесімен құттықтай келіп, "әйел жаққан шырақ ешқашан сөнбесін" деп тіледі. Қалабасының жылы лебізінен соң, әнші Есет Сәдуақастың үндеуімен аруларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар таратылды. Мерекелік кеш өнер саласында жүрген ақтөбелік ер-азаматтардың концертіне ұласты. Сахна сыртында жүрген жігіттер жағдайды пайдаланып, ақтөбелік аруларға, аналар мен әжелерге жалынды тілектерін жолдады. |
Количество показов: 2510
Дата создания: 07.03.2013 20:06:07