Елдің көркеюіне үлес қосқан ақтөбеліктер марапатталды
Тәуелсіздік күніне арналған басты шара- Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда өтті. Жиынға облыс және қала басшылары, өңірімізге белгілі танымал азаматтар, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Салтанатты жиында елдің көркеюіне үлес қосқандар ұлықталды. Елеулі еңбек сіңіргендердің кеудесіне мемлекеттік наградалар тағылды. Облыс бойынша 20-дан астам адам "Парасат", "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат", "Бірлік", "Айбын" және "Құрмет" мемлекеттік наградаларын алды. "Құрмет" орденімен марапатталғандардың арасында "Рика ТВ телекомпаниясы" ЖШС бас директоры Наталья Бандровская да бар. Жиында өңірдің құрметті азаматы және "Жыл адамы" атағына лайықтылардың есімдері белгілі болды. Құрметті атаққа ие болғандардың арасында қарапайым жұмысшы да, ішкі істер органдарының өкілі де, журналист те, кәсіпкер мен мұнайшы да,меценат та, спортшы да бар. Мерекелік марапат мұнымен шектелмеді. Атқарушы билік тіл жанашырларын елеусіз қалдырмады. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге қосқан үлесі үшін Алға балалар үйінің тәрбиеленушісі Аман Мусуралиевке баспана берілді. Облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев, Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері Қайырғали Қожамбаев, «Институт-мектеп» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Айболған Кенжеғұловаларға жеңіл көліктің кілті тапсырылды. Мәдениет пен өнер саласындағы облыс әкімінің арнай сыйақысын 21 адам алды. Марапатталғандар арасында "Х фактор" музыкалық тележобасының жеңімпазы Қайрат Қапанов бар. Салтанатты жиын өнер ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты. |
Количество показов: 3259
Дата создания: 16.12.2013 15:42:10