Елдің барлық мектебінде қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары жүргізіледі
Елдің барлық мектебінде қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары жүргізіледі. Бүгін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, 3 оқушыға жарақат салды. Ауыр жараланған екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Оқушы ғаламтордағы ойын әсерінен осындай қатыгездікке барды деген бейресми ақпарат тарап жатыр. Ауыр жарақаттанған екі бала таңғы сегіз жарым шамасында облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер дереу ота жасайтын бөлмеге кіргізіп, жарақаттарын тіккен. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Олар басынан және иығынан жарақат алған. Үшінші баланың жарақаты жеңіл. Оқиға орнында оған медициналық көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылған. Алдын ала ақпарат бойынша мектепке балта, пышақпен келген оқушы психиатриялық есепте тұрған. Білім беру мекемесінде мамандандырылған күзет қызметі болмаған. Жасөспірім ұсталды. Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Қазіргі таңда №4 орта мектепте полицияның тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Петропавлда болған шабуыл әлеуметтік желілердегі ойынның салдарынан болуы мүмкін деген де бейресми ақпараттар бар. Төтенше жағдайдан кейін ата-аналар чатында оқушы "Лесоруб" ойынын ойнағаны туралы хабарламалар жаппай тараған. Ойын шарты бойынша балтамен бірнеше адамды жаралау қажет екен. Сондай-ақ ойын басталғаны туралы скрин қоса жіберілуде. Алайда, облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі телефон экранынан жасалған скринді тексергенін мәлімдеді. Айтуларынша, бұл ойынның аталмыш оқиғаға еш қатысы жоқ. ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша аталмыш оқиғаға қатысты комиссия құрылды. Сонымен қатар, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде қауіпсіздікті тексеру жұмысы тапсырылды.Количество показов: 792
Дата создания: 13.02.2023 12:36:15