Доллар қымбаттап, теңге құнсызданды
Доллардың айланасында дүрбелең. Айырбас бағамындағы өзгерістерді естіген халық бүгін дүрлігіп жүр. Көпшіліктің көксегені- қолындағы теңгесін тезірек көк қазазға айырбастау. Ебін тапқан бірді-екілі адам жиған-тергенін долларға айырбастап үлгермесе, қалған халық айырбас пункттерін жағалап әлі жүр. Ғаламторда бүгінгі күн қаралы сейсенбі деген жайсыз атауға ие болды. Теңге неге құнсызданды? Ұлттық банктегілер мұны бірнеше жағдаймен байланыстырады. Қаржыгерлердің айтуынша, әлемдік экономикадағы қалыптасқан жағдай біздің экономиканы да айналып өтпеген. Төлем балансы, импорттың өсуі де себеп болып отыр. Төраға Қайрат Келімбетов айырбас бағамының артуын қолдайтынын мәлімдеді. "Банк қолға алған шара өте тиімді. Ол Қазақстан экономикасына серпін береді. Барлығымыз үшін, тауар өндірушілер үшін пайдалы" деді Келімбетов журналистерге берген сұхбатында. Тірнектеп жиғаныңды қай валютада сақтаған жөн? Енді көптің бас қатырған сұрағы да сол. Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Перизат Әсімбетова банкир ретінде кеңес беруге асықпады. Жеке басы жинақтарын теңгемен сақтайтынын жеткізді. Доллардың қымбаттауы банкте есеп-шоты барлардың да, жоқтардың да назарынан тыс қалмады. Әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Интернетте отырған бір қауым ел үндеу тастады. Келімбетов отставкаға кетсін деді. Ұлттық банк төрағасы "жұмыс беруші- мемлекет басшысы, сондықтан бұл мәселеге қатысты менен сұрамаңыздар" деп жауап берді. Әйтсе де онсыз да бәрі қымбат деп ашулы отырған халықты бүгінгі жаңалық тіпті есеңгіретіп жіберді. Қаладағы жағдайға қайта оралсақ. Бүгінге бекіткен ресми бағам 1 долларға шаққанда - 155 теңге, 56 тиын. Ақтөбедегі ақша айырбастау нүктелерінде осы бағам Ұлттық банктың мәлімдемесі жарық көргенге дейін сақталып тұрды. Және жаппай доллар сатып алу да байқалмады. Дегенмен банктердің ақша айырбастау пункттері таблодағы сандарды көп ұзамай өзгерте бастады. Айырбас пункттеріндегі баға да әртүрлі болды. Сатып алу 182, 183 теңге болса, 188,186 теңге 80 тиынға сатылып жатты. |
Количество показов: 2428
Дата создания: 11.02.2014 19:05:40