Дезоморфин мен желімге еліткендер көбейді
Есірткіге тәуелділердің 50 жасқа дейін өмір сүретіндері-сирек. Нарколог дәрігерлерді соңғы уақытта дезоморфинге тәуелділер алаңдатып отыр. Өйткені, соңғы уақытта нашақорлар әсері қатты препараттардан жасалған қоспаға әуес. Нарколог дәрігерлердің айтуынша, оған көбіне бұрын героинді пайдаланғандар әуес. Дезоморфиннің құрамы да күрделі- кодеин, фосфор, йод, күкірт қышқылдары бар. Күшті қоспа ағзаның астаң-кестеңін шығарады. Бір егілгеннен кейін-ақ, тәуелділік пайда болады. Инеге отырғандардың терісі іріп кетеді. Дәрігерлерді "Момент" желімінің иісіне мас болған жастар да алаңдатып отыр. Бүгінгі күні облыс бойынша 12 жасөспірім наркологиялық диспансердің бақылауында. Олар- улы заттарға әуестеніп кеткен. Орталық 105 орынға лайықталған. Емдеу мекемесіндегілердің 10 пайызын алкогольді ішімдік және есірткіге тәуелділіктен емделіп жатқан қыз-келіншектер құрайды. Диспансер бас дәрігерінің орынбасары Есенаман Нысановтың айтуынша, мұндағылардың барлығы мәжбүрлеусіз, өз еріктерімен келгендер. Томаға тұйық, көпке ашыла бермейтін, өмірде жолы болмай жүргендер мен күйзеліске ұшырағандар. Есірткіге елітушілердің басым бөлігін психотерапевт, әрі нарколог дәрігер Жеңіс Аязбаев осылай сипаттайды. Сондықтан, ата-аналарға балаларымен көбірек әңгіме-дүкен құрып, олардың бос уақытын тиімді пайдаланып жүргенін қадағалауға кеңес береді. |
Количество показов: 1830
Дата создания: 20.02.2014 18:37:25