Депутаттар "Нұр Ақтөбе" ауданымен танысты
"Нұр Ақтөбе" ауданына алғашқы тұрғындардың қоныстанғанына көп уақыт бола қайған жоқ. Қалада іссапармен жүрген мәжіліс депутаттары бүгін жаңа баспаналарды аралап көрді. "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне" ақша жинау арқылы қол жеткізген пәтерлеріне орналасып жатқан тұрғындардың жайымен танысты. Жаңа ауданның әлеуетін байқап көрді. Одан әрі "Ізет Гринхаус" жылыжайында жергілікті көкөністердің дәмін татып, сапасына баға берді. "Нұр Ақтөбе" ауданынан жуырда 69 отбасына пәтер кілттері табыс етілді. Олар "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің" салымшылары. Депутаттар Гүлжан Қарағұсова мен Татьяна Яковлева бір және екі бөлмелі пәтерлерді аралап көрді. Ерлермен араласып, елдің жұмысымен айналысып жүрсе де тегі әйел болғандықтан екеуі де асханада кідірді. Тек қана нәзік жандыларға тән қасиет пен қабілеттерін танытып, пәтерлердің қабырғасы қандай түспен боялғандығына, балконының әйнекпен сәнді етіп қапталғанына, үйдің қасбетінің әдемілігіне назар аударды. "Нұр Ақтөбе" ауданында бүгінде 607 пәтерлік екі үй бітіп тұр. Жыл соңына дейін тұрғындар толық қоныстанады. 752 пәтерлік 3 үй де салынып бітті. Тек құжаттары әзірлену үстінде. 216 пәтер жас отбасыларға жалға берілді. "Нұр Ақтөбе" 250 мың тұрғыны бар барлығы 5 ықшам ауданнан құралады. Бұл жерден жетім балалар да баспаналы болады. Оларға "Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкінде" ең төмен 7 пайыздық өсімақымен несие беріледі. Қалаға келген мәртебелі меймандарға "Ізет Гринхаус" жылыжайын бір көрсетпей жіберген емеспіз. Ханымдар "Керемет-5" серіктестігі өсірген қияр мен "Ізет Гринхаустың" қызанағынан дәм татып көрді. Бұрынғы халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова Қазақстандағы көкөніс бағасының құбылмалылығына сатып алушылар мен сатушылар бірдей жауапты дейді. Депутат бұл ретте адамдардың психологиясын өзгерту қажет дегенді айтады. Депутаттар бүгінге жоспарланған жұмысты облыс әкімдігінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел басында аяқтады. Шараға қатысушылар қаржы және бюджет саласындағы бірқатар мәселелерді көтерді. Соның ішінде бюджет заңдылығын жетілдіру жұмысына тоқталды. |
Количество показов: 2014
Дата создания: 28.11.2013 19:21:02