Демалыс күндері облыс аумағында 200-ге жуық адам қар құрсауынан құтқарылды
Жол мұраты-жету. Дегенмен төтенше жағдайлар қызметінің ескертуіне әсте құлақ асқан жөн. "Ел арасы жақын ғой, амалдап жетермінге" салынудың соңы қайғылы жағдайда соқтырды. Сенбі күні Алға ауданына қарасты Нұрбұлақ ауылы маңынан 50 жастағы азаматтың денесі табылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығының айтуынша, салт атты кісі аязға шыдамай, бақилық болған. Халықтың жағдайды біле тұра, бейқамдығы таң қалдырады. Боранға қарамастан, кішкентай балалармен жолға шыққандар да бар. Кеше түнде Ақтөбеден Орскіге бет алған жолаушылар автобусына көмек көрсетілген. «ҚазАвтожол» мекемесі Ақтөбе филиалының арнайы техникасы алты сағат бойы батқан көлікке жол ашып, жолаушыларды аман-есен Ащысай ауылына жеткізіп, жылы орынға жайғастырған. Қыс басталғалы республикалық маңызы бар жолдар қолайсыз ауа райына байланысты 17 мәрте жабылған. Қаңтардан бері төтенше жағдайлар департаменті жолда қалған 400-ге тарта адамға көмек көрсеткен. Екі күннен бері қар жауып, күн борап тұр. Кеше күндізгі сағат үштен бері жабық тұрған тас жолдар бүгін ашылды. Қазір Ақтөбе-Мәртөк, Хромтауға дейін және Қандыағашқа дейін жол ашық. «112» қызметінен байланыс операторлары арқылы ұялы телефондарға ескерту хабарламалары жіберіліп тұр. Бұл әдіс облыстық төтенше жағдайлар департаменті жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен. СМС ескертуді қабыл алатындар есебінен соңғы жылдары ақтүтек боранда жолға шығатындар айтарлықтай аз.Демалыс күндері құтқару жұмыстарын төтенше жағдайлар департаментінің 7 жасағы жүзеге асырды . 3 арнайы техника жұмылдырылды. |
Количество показов: 1797
Дата создания: 20.01.2014 19:20:10