Дәрігерлер Whats App хабарламаларын жоққа шығарды
Контрабандалық жолмен жеткізілген дәрі-дәрмектерді пайдаланудың салдарынан біздің облыста 11 бала қайтыс болған. Үш күннен бері ұялы телефондағы Whats App хабарламалар желісін қолданушы ақтөбеліктерге осындай мазмұндағы ақпарат таратылып жатыр. Хабарды таратушы Ибупрофен, Сумамед, Ангисепт, Балалар Панадолы, Ингалипт, Инфлюцид, Санасол, Алклофенак және капсуладағы Амоксилицин секілді асқынуға қарсы бірнеше препараттан уақытша бас тарта тұруға кеңес береді. Және дәрілердің бәрін сатылымнан алып тастау мүмкін еместігін алға тартады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл жайттан хабардар. Дәл осы хабарлама басқарманың бірнеше қызметкеріне де жеткен. Ведомство басшысының орынбасары Әсет Қалиев бүгін елді дүрліктірген бұл ақпаратты жоққа шығарды. Әсет Қалиевтің айтуынша, біздің елге дәрі-дәрмектерді жеткізумен "Самұрық-Қазына Фармация" компаниясы айналысады. Препараттар көбіне Ресейден, Үндістан мен Хорватиядан жеткізіледі. Ведомство өкілі дегенмен, облыста жыл басынан бері 1 жасқа дейінгі 44 сәбидің басқа себептермен бақилық болғандығын айтты. Whats App желісі арқылы жіберілген хабарламаның иесін полиция анықтауы тиіс. Ал, дәрігер түрлі әлеуметтік және байланыс желілері арқылы таралатын мұндай негізсіз хабарламаларға сенбеген жөн деп кеңес береді. |
Количество показов: 1780
Дата создания: 01.04.2014 18:38:13