Дәрігерлер донор болды
Ақ халаттылар адам өміріне араша болады. Бүгін облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері арасында донор күні өтті. Жаппай акцияда 100-ге тарта ақ халатты абзал жан қан тапсырды. Облыстағы ең ірі клиникалық аурухананың қызметкерлері әуелі донорлық картаның сауалнамасын толтырып, салмақ өлшетіп, медициналық тексеруден өтті. Қан тапсырар алдында шай ішіп, біртіндеп қан тапсыра бастады. Осыдан екі ай бұрын ашылған аурухананың бас дәрігері Самат Данияров та бүгін әріптестерімен бірге қан тапсырды. 30 жылдық өтілі бар дәрігер тұрақты донор екен. Ол ең алғаш студент кезінде қан тапсырыпты. Самат Данияров үшін дағдыға айналған игі істі бүгін әріптестері қолдады. Дәрігерлер донордан алынатын қан көмекке зәру науқастар үшін баға жетпес сый екенін жақсы түсінеді. Сондықтан көбісі - тұрақты донорлар, өмірлерінде кемінде 3-4 рет қан тапсырып көрген. Мамандар бір жылда төрт немесе бес рет қан тапсырудың адам денсаулығына еш зияны жоқ екенін айтады. Керісінше, қан айналымы реттеліп, тазарады деп кеңес береді. Облыстық клиникалық ауруханада қазір күніне 8-9-ға жуық ота жасалынады. Бұл сан болашақта 25-30-ға дейін жетуі мүмкін. Аурухана қорында қан жеткілікті жасақталғанша мұндай акциялар алда жиі өткізіліп тұратын болады. Өңірдегі бірегей ауруханада бүгінде 470 дәрігер қызметте. Болашақта 10 бөлімде жұмыс жасайтын дәрігерлердің саны 600-ге жетуі тиіс. |
Количество показов: 2153
Дата создания: 28.03.2014 19:03:54