Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Бүгін "Қоныс" спорт сарайында өткен бос орындар жәрмеңкесінде ақтөбеліктерге 600-ден астам жұмыс түрі ұсынылды. Тұрғындар сол бойда жұмыс берушілермен кездесіп, еңбек шарты, жалақы жайында сөйлесті. Іздеген адамға жұмыс жетеді. Қалада энергетиктер, дәрігерлер, құрылысшылар, сатушылар, тігіншілер мен асхана қызметкерлерін қажет етіп отырған мекемелер көп. Пәтер иелері кооперативтері электрші, темір ұсталары мен аула сыпырушыларға мұқтаж. Қалалық әскери госпитальға бес түрлі дәрігер керек. 70 мың теңгеден жоғары жалақысы бар қызметте ақ халаттылар тұрақтамай жатыр. Жәрмеңкеге жұмыссыз жүргендерге үлгі болсын деп жеке ісін ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған ақтөбеліктер шақырылған. Олар өз өнімдерін халыққа көрсетті. Қарғалы ауылының тұрғыны Аида Ізтілеуова қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен 3 миллион теңге несие алып, наубайхана ашқан. Шағын цехта күніне әзірге 30 нан пісіріледі. Қосымша тәтті нан, тоқаш, бәліштер дайындалады. 7,5 пайыздық үстемемен алған несиені кәсіпкер төрт жылдың ішінде қайтаруы тиіс. Әрі кем дегенде төрт адамды жұмысқа тартуы шарт. Аида бүгін екі кондитер маманын іздеп келген. Айына 45 мың теңге жалақы төлеуге дайын. Жалпы, ауыл кәсіпкерлерін қаржылық қолдау бағдарламасы бойынша 18 тұрғын несие алған. Бірі тігін цехын ашса, енді бірі қоғамдық монша салып, табыс табуда. Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаеваның айтуынша, биыл қалада бос орындардың 10 жәрмеңкесі өтіп, 402 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бүгінгі жәрмеңкенің нәтижесінде кем дегенде 300 тұрғынға жұмыс табылуы мүмкін. |
Количество показов: 2373
Дата создания: 24.10.2013 18:51:45