Борышын өтеген сарбаздар үйлеріне жол тартты
№6655 - әскери бөлімінің басшылығы бүгін отан алдындағы борышын өткерген азаматтарды үйлеріне салтанатпен шығарып салды. 150 жігіт бір жыл бойы әскери қызметтерін абыроймен атқарды. Ақтөбеге олар Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарынан келген. Аяз атаның қапшығындағы сыйлық тегін болғанымен, оған қол жеткізу оңай шаруа емес. Міндетті түрде ақсақалдың тілегін қабыл қылу керек. Ол үшін 1 жыл бойы әскерде шынығып, шымыр болған жігіттер бар өнерін салды. Жергілікті "Актюбинский вестник" басылымының ұжымы осылай әскерилерді балаша қызыққа бөлеп тастады. Аяз ата кейпіне енген газет редакторының орынбасары Мирал Жармұхамбетов журналистердің құттықтау сөзін жеткізіп, қоржыннан сыйлық үлестірді. "Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін" төсбелгісі барлығы 5 адамға табысталды. Тағы бес адам "Ішкі әскерлер үздігі" төсбелгісін алды. Мақтау қағаз, алғыс хаттар табыс етілді. 150 жігіттің бәріне де ефрейтор әскери шені берілді. Салтанатты кеш басынан аяғына дейін вокалды-аспапты оркестрдің сүйемелдеуімен өткенін айта кеткен жөн. Прапорщик Сергей Гафаров жетекшілік ететін әскери бөлімнің оркестрі жуырда жаңа музыкалық аспаптармен толық қамтамасыз етілген. |
Количество показов: 2691
Дата создания: 24.12.2013 19:01:27