Бортында 200-ге жуық жолаушысы бар "Орал-Алматы" бағытындағы ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонды
Ақтөбеге мәжбүрлі қонған ұшақтың жолаушылары ыстық тамақ, жатын орынмен қамтамасыз етілді. Оралдан ұшып шығып, Алматыны бетке алған жолаушылар ұшағы бүгін таңғы төртте Ақтөбе халықаралық әуежайына шұғыл қонды. Оған борттағы жолаушылардың бірінің жүрегі қысылып, ауыруы себеп болған. Науқас борттан түсіріліп, жедел жәрдем қызметіне тапсырылғанымен ұшақ қайтадан әуеге көтерілмей қойған. Жарты жолда қалған 200-ге тарта адамға алдымен рейстері бүгін кешкі алтыға, одан кейін түнгі 12 жарымға шегерілетіні туралы хабарланған. Жолаушылардың арасында қарттардан бөлек, емізулі бала, аяғы ауыр әйелдер мен Алматыға отаға бара жатқандар да бар. Бүгін баласына ота жасалуы керек болған әйел не істерін білмей дал болуда. Ал ұшақ тиесілі "Flyarystan" әуе компаниясының жергілікті өкілі ешқандай мәлімдеме жасамады. Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайының директоры Дастан Малиевтің айтуынша, әуежайдың міндеті ұшақтан түскен жолаушыларды күтіп алу мен шығарып салу. Ал рейсі кешіккен жолаушыларды ыстық тамақпен, жатын орынмен қамту ұшақ тиесілі компанияның құзырында. Жерге қонғалы нәр татпаған жолаушыларға түскі 12-де ғана ыстық тамақ берілген. Жатын орынмен тек осы ұшақпен сапарын жалғастыратын адамдар қамтылады. Ал түнгі он екі жарымды күткісі келмейтін кей адамдар ең жақын кешкі тоғызда ұшатын рейске билет сатып алған. Оларға жатын орын берілмейді.
Рейстің 20 сағатқа кейінге шегерілуін әуежайдағы жауапты қызметкерлер ұшақтан техникалық ақау анықталды дей салған. Ал жолаушылар экипаж мүшелерінің жұмысымыз аяқталды, ауысым жүреді, қызметті келесі экипаж қабылдап алады дегендерін естіген. Айта кетейік, аталған әуекомпанияда мұндай жағдайдың орын алуы бірінші рет емес.
Количество показов: 582
Дата создания: 18.11.2022 19:26:31
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>