Болашақ ұшқыш 4-қабаттан секіріп кетті
Талғат Бигельдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында төтенше оқиға. Оқу орнының 18-жастағы курсанты Иван Яременко төртінші қабаттан құлап, екі аяғын сындырған. Ол қазір облыстық жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Әскери прокуратура істі тергеуге кірісті. Жігіттің туыстары құқық қорғау органдары бұл деректі суицидке келтіріп, жылы жауып тастауы мүмкін деп алаңдаулы. Оқиға қарашаның 15-де түскі сағат екілер шамасында болған. Иванның апасы Анна Яроменконың айтуынша, үшінші сабақ аяқталған соң, курсант оқу орнының төртінші қабатында орналасқан дәретхана есігінің ашылуын күтіп тұрған. Сол кезде артынан белгісіз біреу итеріп жіберген. Иван Яременко 405-ші аудиторияның терезесінен құлаған. Ақтөбе гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Арман Шитеновке де Ваня орын алған жағдайға байланысты осылай деп түсінік берген. Істі тергеушілер институт оқытушыларынан, Ваняның курстастары мен жоғарғы курстағылардан да түсініктеме алған. Алайда, олардың ешбірі оқиғаны көрмеген.
Иван Яременко қазір жамбасы, балтыры мен табан сүйегі сынып облыстық жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Курсант түсіру тобымен тілдесуден бас тартты. Аурухананың бас дәрігері Сәубет Келімбердиевтің айтуынша, жігіттің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Ваняның болашағына қатысты дәрігерлер әзірге нақты болжам айтпай отыр. Оның әлі біраз уақыт аурухана кереуетіне таңылатыны анық. Жігіттің туыстары құқық қорғау органдары бұл деректі суицидке келтіріп, жылы жауып тастауы мүмкін деп алаңдаулы. Өйткені, әскери прокуратурадағылар Ваняға қысым жасаған. Ваняның туыстары Әуе қорғанысы күштері әскери институты басшылығының әрекетіне де наразы. Айтуларынша, оқу орнындағылар жігіттің ем алуына ешбір көмек көрсетіп жатқан жоқ. Иван Яременко ұшқыш болуға бала кезінен құштар. 7 жыл республикалық «Жас ұлан» мектебінде білім алған. Кіші сержант атағы да бар. Бірақ, көкте самғау Ваняның арманы болып қалатын сияқты. Айта кеткен жөн бүкіл республикаға ұшқыштар даярлайтын жоғары оқу орнында бұл бірінші рет болып отырған төтенше жағдай емес. Әскери институтта бұған дейін курсанттардың қайтыс болғаны да рас. Бүгін институт басшылығы орнында жоқ деген желеумен бұл оқиғаға қатысты қандай да бір жауап беруден бастарын ала қашты.
|
Количество показов: 2220
Дата создания: 21.11.2013 19:37:10