Биыл мектептерді күрделі жөндеуге 800 млн теңге бөлінді
Қаншасы салынып жатса да қалаға әлі мектеп пен балабақша жетіспейді. Жолаушылар автобусы да аз. Қоғамдық көлік қызметі тұрғындар көңілінен шықпай отыр. Жаяу жүргіншілерге тротуарлар қажет. Қала әкіміне жолданған сауалдар дені осындай. Қала әкімі Ерхан Омаров 2013-ші жылы тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға басымдық берілгенін бүгін де айтты. "Нұр Ақтөбе" ауданында бір жыл ішінде 1131 пәтер қолданысқа берілді. Биыл "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасымен осы ауданда жалға және несиеге берілетін үйлер тұрғызылып жатыр. Облыс орталығына халықтың шоғырлануы заңды. Тұрғындар санының өсуінен іргеде жаңа аудандар пайда бола бастады. Бұл бір жағынан мектеп, балабақша жетіспеушілігі мәселесін туындатуда. Ақжар-2 ауылының бір тұрғыны бүгін Ерхан Омаровқа ауылына балабақша қажеттігін жеткізді. Мектебіміз де тар деді. 8-ші мөлтек ауданның тұрғыны №27-ші мектептің есік-терезесін алмастыру қажет деп ескертті. Осы жылы мектептерді күрделі жөндеуге 800 миллион теңге бөлініп отыр деді тұрғынның сауалына жауап берген әкім. Күрделі жөнделетін мектептер арасында №27-ші мектеп те бар. Қаладағы білім беру мекемелерін жаңғыртып-жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мектептерді тротуарлармен қамту да солай. Әр жылда 20-30 мектеп алдына жаяу жүргіншілер жолы салынады. Осы жылы жергілікті бюджет қаражатының 64 пайызы білім саласын жетілдіруге жұмсалады. Қалалық білім бөлімі 11,3 миллиард теңгені қажетіне жаратуы тиіс. Мектеп пен бақшаға қатысты мәселені түпкілікті шешуге бұл ақша да жеткіліксіз. Сондықтан қалалық әкімдік демеушілік көмектен тартынып отырған жоқ. |
Количество показов: 1743
Дата создания: 05.02.2014 18:38:01