Биыл ҰБТ мазмұны 30 пайызға жаңартылады
Бүгін биылғы мектеп бітірушілерді Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге дайындауға арналған ақпараттық-түсіндіру семинары өтті. Семинарға Білім және ғылым министрлігі бақылау комитетінің бас сарапшысы Ғазиза Омарова арнайы келді. Министрлік өкілі Ұлттық бірыңғай тесттің басты артықшылығын саралай келіп, оқушылардың жүйкесіне түсетін салмақ азайды деп отыр. Мектеп түлегі һәм жоғары оқу орнына түсуші талапкер 2007 жылға дейін 4 сабақтан тест тапсырып келсе, 2008 жылдан бастап оған бесінші пән қосылған-ды. Қазақ тілінде білім алып келгендерге орыс тілі, орыс тілділерге сәйкесінше қазақ тілі енді. Биылғы жылы да бұл өзгеріссіз қалады. Дегенмен министрлік өкілі тест мазмұны отыз пайызға жаңаратынын жеткізді. Дүрлігуге негіз жоқ, барлығы оқу бағдарламасынан алынады деп дер кезінде сабырға да шақырып үлгерді. Сондай-ақ математика пәнінен тағы бір логикалық сұрақ қосылмақшы. Бұрын тест құрамында 1 логикалық сұрақ бар болатын. Ең төменгі балл жылдағыдай 50. Ал апелляциялық шағым түсіру уақыты сынақ өткен күннің ертеңіне түскі сағат екіге дейін ұзартылды. Мәліметтерге сүйенсек Ұлттық бірыңғай тестілеуге ең көп өтініш 2011 жылы түсіпті. Сәйкесінше сол жылы 126 мың 109 түлек сынаққа кірген. Ал ең аз өтініш 2013 жылы тіркеліпті, бұл жылы 35 мың 187 түлек тест тапсырған. Бір қуантарлығы қазақ тілінде тапсыратындардың саны жылдан жылға артып келе жатқандығы. Қадағалаудың дәл бұлай қатаюына себеп те жоқ емес. 2013 жылы әр үш тест тапсырушының бірі ереже бұзған. Ереже бұзуға көбіне ұстаз, немесе ата-ана, яғни өзіміз итермелейміз. Осылайша болашаққа қадам басқалы тұрған балаға ережені бұзуға болады деген түсінікті сіңіріп жатырмыз деп қынжылды министрлік өкілі. Шараға қала мен аудандардан келген білім өкілдері және оқушылар қатысты. Облысымызда өткен жылы 7 мыңға жуық түлек ҰБТ тапсырған. Ал биылғы өтініш білдіргендер саны әзірге белгісіз. |
Количество показов: 1998
Дата создания: 13.03.2014 18:44:09