Биыл 7 млрд теңгеге жол жөнделеді
Биыл Ақтөбедегі күре жолдар мен көшелерді жөндеуге 7 миллиард 791 миллион теңге жұмсалады. Бұл сенбі күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен биылғы жол жөндеу маусымына бөлінетін қаржыны жоспарлау үшін өткен арнайы отырыста мәлім болды. Облыс басшысы бұл жылғы жол жөндеу маусымын 1-қазанға дейін тәмамдау туралы тапсырма берді. Биыл тек облыс орталығы мен аудан орталығына баратын тораптар ғана жөнделіп қоймайды. Қаланы маңызы бар өндірістік елді мекендермен жалғайтын жолдар да қамтылатын болады. Соның бірі "Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі" күре жолы. Әйтеке би ауданындағы Аралтөбе ауылына қатынайтын жол да күрделі жөндеуден өтпек. Биылғы жылы ұзындығы алпыс шақырымды құрайтын жергілікті маңызы бар көлік жолдарын қалпына келтіру жоспарлануда. Осы жылы бөлінген қаржыға Алға, Шалқар, Хромтау секілді кенттер мен кейбір елді мекендердің ұзындығы 40,7 шақырымды құрайтын 38 көшесі жөнделмек. Сондай-ақ облыс орталығындағы бірқатар көше қалпына келтірілетін болады. Өткен жылы қаламызда 103 көше жөнделген-ді. Оның 4-5-еуі жыл айналмай жатып жүруге жарамыз болып қалды. Бірақ, облыс әкімі бұл дабыл қағатындай төтенше жағдай емес екенін айтты. Оның үстіне сапасыз жасалған жолдарды мердігер компаниялар өз есебінен жөндемек. Облыс әкімі биыл республикалық және халықаралық маңызы бар екі жолдың жаңаратынын айтты. Олар "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" және "Ақтөбе-Ор" бағыттары. Сондай-ақ жол жабындысына аз зиян тигізу үшін жүк көліктеріне әсіресе көктемгі су тасқыны кезінде бақылаудың күшейтілуі керектігі жайында тапсырма берілді. |
Количество показов: 1827
Дата создания: 07.04.2014 18:09:26