Белгілі суретші Евгения Сухотинаның дербес көрмесі ашылды
"Ой мен көзқарас". Ақтөбеде осындай атпен белгілі суретші Евгения Сухотинаның дербес көрмесі ашылды. Табиғат сұлулығы паш етілген ерекше көрмеде танымал суретшінің 50-ге жуық туындысы қойылған. Әсем түстерді ғана пайдаланатын талғампаз суретшінің еңбегін қала тұрғындары облыстық көркемсурет және өнер музейінен тамашалай алады. Евгения Сухотина бала кезінен сурет салуға құмар. Оған әр жыл мезгілі шабыт береді екен. Белгілі қылқалам шеберінің есімі Ақтөбе ғана емес, республикаға да танымал. Жеке көрмеде Евгения Сухотинаның 1986-2012 жылдар аралығында салынған 50 туындысы ұсынылған. Оның шығармалары таңбалы өрнектен құрылған композициялардан, түстер үндестігі бір арнаға тоғысқан қағаз суреттерден тұрады. Суретшінің арт-студиясында әр жастағы адамдар суретпен, кескіндемемен айналыса келе өз бойларындағы сырқаттардан арылуға жол табады екен. Осылайша, ол еркін шығармашылық жүйесіне сүйене отырып, жүйкені қалпына келтіру әдістемесін жасады. Көрменің өзгешелігі де осы. Оның айтуынша, бұл әдісті шет елдердің ғалымдары кең қолданып жүр. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Евгения Сухотина Алматы қаласында суретшілер отбасында дүниеге келген. Қылқалам шебері ұзақ жыл бойы қолданбалы өнердің сан түрлі саласында жемісті еңбек етіп келеді. Суретшінің жеке көрмесін облыстық көркемсурет және қолданбалы өнер музейінен көруге болады. |
Количество показов: 2219
Дата создания: 23.12.2013 18:40:58