Базарда су етіктер саудасы қызды
Қала базарларында су етік саудасы қызып тұр. Қар еритін шақта таптырмайтын аяқ киімді ақтөбеліктер бағасына қарамай алып жатыр.
Орталық базардың ашық сөрелерінде су етік ең өтімді тауар болып тұр қазір. Шалшық пен балшыққа төзімді аяқ киімді саудагерлер наурыздың бірінші күні сатылымға шығарған. Тәулігіне 40-50 жұп етік өтіп кетеді. Көктемгі тасқынға алдын-ала қамданатын қауым су етік іздеп бүгін де базар жағалап жүр. Саудагерлер тауарды Ресей мен Қытайдан алдырттық дейді. Солтүстіктегі көршіден әкелінген етіктер қарапайым болғанымен, арзан әрі сапалы. Жылы шұлғауы қоса сатылады. Сәніне қарасаңыз, қытайлық түрлі-түсті гүлді, суретті су етіктер бар. Бағасы 2,500-3000 теңге. Тақалы су етіктер төрт мың теңге. Сауда орталықтарында мұндай етіктер 10 мың теңгеден жоғары бағаға саудаланып жатыр. Ерлер және балалардың су өткізбейтін аяқ киімдері көп сатылған. Сатушылар су етік саудасының айдың ортасына қарай қыза түсетіндігін айтады. Сұраныс артқан сайын сәйкесінше, баға да қымбаттауы мүмкін.
|
Количество показов: 2578
Дата создания: 11.03.2014 18:10:21