"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" жолындағы нысандар тоналып жатыр
Қыс қаһарына мініп, қар, боран жолды жиі жапқанымен, "ҚазАвтоЖол" кәсіпорны қалааралық, ауданаралық қатынастарды ақсатпауға тырысып бағуда. Республикалық маңызы бар күре жолдар күн құрғатпай тазартылып жатыр. Бұған 70-тен астам техника, 350-ге жуық адам жұмылдырылған. Қалааралық жолдардың тазалығына "ҚазАвтоЖол" мемлекеттік кәсіпорыны жауапты. Кәсіпорын қыста жолды қардан тазалайды, ал жазда жол жөндеу жұмыстарымен айналысады. Әр облыста күре жолдардың жай-күйін қадағалайтын филиалы бар. "ҚазАвтоЖолдың" Ақтөбе облысындағы филиалына ұзындығы 1864 шақырымды құрайтын 5 негізгі трасса қарайды. Олар Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Астрахань, Қарабұтақ-Қостанай, Ақтөбе-Мәртөк және Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз. Бұл республика бойынша Қарағанды мен Өскеменнен кейінгі ең үлкен үшінші ұзын шақырым. Кәсіпорын боран соғып, жол көрінбей қалған уақытта ғана Төтенше жағдайлар және Ішкі істер департаментімен өзара келісіп, күре жолдарды жабады. Мұндай жағдай бұл жылы 4 және 18 желтоқсан күндері тіркеліпті. Ал қар жауған түні күреу жұмыстарын дереу бітіріп, қозғалысты ақсатпауға тырысады. Ең алдымен бірінші маңыздағы, автокөлік көп қатынайтын жолдар тазаланады. Техника және жұмысшылар барынша ыждағатты қызмет етсе де тапшылық бәрібір сезіледі дейді мамандар. Жақында солтүстік айналма жолы қолданысқа берілді. Бұл көліктердің қала ішіне соқпай тіке қатынауын қамтамасыз етеді, тиісінше көлік кептелісінің алдын алады. Сондай-ақ экологиялық тұрғыдан да едәуір пайдалы. Халықаралық маңызы бар аталмыш жолдар қолданысқа берілгенімен халық оның игілігін көріп үлгермей жатыр. Күре жол бойындағы елді мекен тұрғындары жолдағы электр шамдарын, аялдама, дәретхана шатырларын, есіктерін қолды қылып, металл қабылдаушыларға өткізіп жатқан көрінеді. 2 шағын бекеттегі құны жарты миллионды құрайтын 2 трансформатор да ұрланған. Осыған орай жолшылар қазір сол аумақтардағы күзетті күшейтуге кірісті. |
Количество показов: 2213
Дата создания: 26.12.2013 19:20:55