Баспанасы жоқтар бейімдеу орталығын паналап жүр
Уақытша бейімдеу орталығының жұмысы жанданып жатыр. Жаз шыға салысымен еркін өмірді аңсайтын орталық тұрғындары күн суытса жылы орнына қайта оралуды әдетке айналдырған. Мұндай көрініске орталық қызметкерлері де дағдыланып алған. Адам санының артуына байланысты болашақта қонып шығатын уақытша орын ашу жоспарланып отыр. Уақытша бейімдеу орталығында жүргендердің- тағдыры әрқилы. Араларында байырғы тұрғындар да бар. 5 жылдан бері орталықты паналап жүргендер жетерлік. Әрісі-Белоруссиядан, берісі-Ресейден келген 4 азамат барар жері, басар тауы жоқ, құжаттарынан айрылған. Олар да- осы орталықты паналауға мәжбүр. Қазір мұнда 64 адам тұрып жатыр. Бұл-өткен жылдармен салыстырғанда, әлдеқайда аз. Орталық басшысы Сабырғали Дәулетов мұны әлі нағыз аяздың болмағандығымен түсіндіреді. Тұрақты баспанасы жоқтар әзірге жылу құбырларын, подъездерді паналап жүруі мүмкін. Сабырғали Дәулетовтің айтуынша, тұрғындардың тілін табу- оңай емес. Ащы суға жақындықтары былай тұрсын, орталық жарты жыл уақытты сарп етіп, әзірлеп берген құжаттарын бір шиша үшін кепілге қойып, айырылып келетіндер жетерлік. Мұндайда, директордың қаруы- "ішкі тәртіпті бұзсаң, шығарып жіберем" деген бір ауыз сөз. Кейде оған көндіге алмайтындары да бар. Жыл басынан бері орталықтың жылуын 210 баспанасы жоқ адам сезініпті. Оның 19-ы қарттар үйіне орналастырылыпты. Бейімдеу орталығындағылардан жылы орны үшін ақы талап етілмейді. Қоғамдық жұмыстарға тартылады. Мысалы, жаз бойы олардың көмегімен орталық ғимараты жөнделген. Бау-бақшаның жұмысына жұмылдырылған. Соның рахатын қазір өздері көріп отыр, дейді Сабырғали Дәулетов. Бақшадан жиналған қызан, бұрыш, орамжапырақты тұздап, қысқа қор жасалған. Алдағы уақытта орталық жанынан уақытша қонып кететін орын ашу жоспарланып отыр. |
Количество показов: 2297
Дата создания: 19.12.2012 18:28:50