Барлық бағыттағы тас жолдар жабық
Өткен тәулікте болған ақ түтек бораннан тас жолдарда 180 жолаушы діттеген жерлеріне жете алмай қалып қойған. Олардың 20-сы бала, біреуі- аяғы ауыр келіншек. Абырой болғанда, құтқарылғандардың барлығы дін аман. Күннің күрт бұзылуына байланысты "Ақтөбе-Ор", "Самара-Шымкент", "Қарабұтақ-Комсомол", "Қандыағаш-Ембі- Шалқар-Ырғыз" тас жолдары көліктің барлық түрлері үшін жабылды. Тас жолдардың жабылғанына қарамастан сапарға шыққандардың бірсыпырасы әлі де қар ортасында тұр. Қар ортасында тұрғандар біздің редакциямызға хабарласып, ешқандай техниканың қарасы да көрінбейтінін айтып шағынды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бір тәулікте республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолының өзінде 70-ке жуық автокөлік қар құрсауында тұрып қалған. Олардың арасында 4 жолаушылар автобусы бар. Сондай-ақ кеше түнгі сағат 10-дар шамасында Мұғалжар ауданы Жаңатұрмыс ауылында жедел медициналық көмек қажет болған жүкті келіншек ТЖД-нің құтқару жасағын шақыртыпты. Жүкті әйел қарда жүргіш автогрейдердің көмегімен Қандыағаш қаласының орталық ауруханасына жеткізілген. Жыл басынан бері қар құрсауынан 2300 адам шығарылды. Оның 120-сы кәмелетке толмаған балалар. Қалың қардан жүре алмаған 1282 техника жолдарда бірнеше тәулікке тұрып қалған. Оның үстіне биыл қар 3 есеге мол түсті. Сондықтан ауа райының күрт бұзылуына байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті алыс жерлерге, қала сыртына сапарларды азайта тұруды ескертеді. |
Количество показов: 1920
Дата создания: 19.03.2014 18:09:23