Балалар қарияларға қолғабыс жасады
Үлкенге - құрмет! №53 Қарғалы орта мектебінің оқушылары қайырымды іс бастады. Жасөспірімдер ауылдағы жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерін жинап, аулаларын қардан тазалап жатыр. 85 жастағы Виктор ақсақал жалғыз тұрады. Ұлы мен қызы бар. Бірі қалада, екіншісі Ресейде. Қалада тұратын баласы сырқат, сол себепті үй шаруасына көмектесе алмайды. Есесіне, келіні сенбі сайын келіп, қарияның киім-кешегін жуып, үйін тазалап кетеді екен. Күнделікті ас-суын өзі дайындап ішетін зейнеткердің сырттағы шаруаға әлі келер емес. Ауланы басып қалған қардан тазарту үшін Виктор Николаевский көмек сұрап, әкімдікке хабарласты. Көмек көп күттірген жоқ. Бүгін түстен кейін күрегін асынған төрт оқушы қарияның қақпасын қақты. Ұлдар ауладағы қарды аршыды. Қыздар үйдің ішін ретке келтірді, еден жуды. Еңбектеніп болған соң, қария оқушыларды отырғызып қойып, аз-маз тәрбие сағатын жүргіздім, дейді. Ол кейінгі ұрпаққа Қарғалы кеңшарын басқарған 20 жылдық өмірі туралы айтып берген. Жалғызбасты қарттарға жәрдем беру үшін жұдырық болып жұмылған оқушылар қайырымды істі әлі де жалғастырмақ ниетте. Олар бұл аптада Қарғалы ауылындағы мүмкіндігі шектеулі екі тұрғынның үйінің ауласын тазартып бермекші. |
Количество показов: 2117
Дата создания: 04.03.2014 18:56:52