"Бақытты бала-2022" халықаралық балалар фестивалі өтті
Бүгін Ақтөбенің аспаны талантты жас әншілердің әдемі әуенімен көмкерілді. "Өнер орталығының" сахнасында сегіз мемлекеттен келген 20 жас талант "Бақытты бала-2022" халықаралық балалар фестивалінде бас қосты. Биыл төртінші мәрте өткізіліп отырған өнер байқауы әлем өнерпаздарының назарын өзіне аударған. Байқауға 200-ге жуық өтінім келіп түскен. Алдын ала іріктеу бойынша 21 жеткіншек ақтық мәреге жолдама алды. Ақтөбенің брендіне айналып үлгерген вокалдық балалар фестивалі биыл сегіз мемлекеттен қатысушысын жинады. Армения, Ресей, Украина, Молдова, Түркия, Польша, Греция, Канада елдерінен келген өнерпаздар екі күн бойы "Өнер орталығының" сахнасында өнерлерін ортаға салды. Байқау қатысушыларына бірнеше тілде ән салуға мүмкіндік беріледі. Биыл еліміздің атынан 10-нан аса жас талант ән шырқауда. Қарағандылық 13 жастағы әнші Асылайым Болатқызы алғашқы турдан сүрінбей өтті. Жас өнерпаздардың өнерін мәдениет саласының үздік өкілдері бағалайды. Нұр-Сұлтан қаласындағы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Марат Әйтімов, "Славян базары-2021" халықаралық өнер фестивлінің гран-при иегері Рухия Байдүкенова сынды қазылар алқасының мүшелері орындаушыларды қалт жібермей мұқият тыңдап отыр. Байқаудың жүлде қоры 3 млн 450 мың теңге.Төрт жылдан бері жүздеген талантты жастың тұсауын кескен байқау биыл да жоғары дәрежеде өткізілуде. Фестиваль ертең мәресіне жетеді. Гала-концертті кешкілік "Өнер орталығының" концерт залынан тамашалауға болады.
Количество показов: 720
Дата создания: 12.08.2022 17:10:46