Бағаның өсуіне тағы бір себеп пайда болды
Елде жүк салмағын электронды өлшеу жүйесі енгізілгені белгілі. Құрылғы Ақтөбе маңындағы тас жолдарда әзірге пайда бола қойған жоқ. Бірақ, Қазақстан бойынша 16 жерде орнатылған. Ел ішінде ауыр жүк тасумен айналысатын ақтөбелік компаниялардың біріне осындай бекет артық салмақта жүк алып өтті деп 1 миллион 852 мың теңге айыппұл салған. Өзін шағын және орта бизнес өкіліне жатқызатын кәсіпкер мұндай қатаң жазамен келіспейді. "Рокос Логистик" деп аталатын ақтөбелік логистикалық орталық басшысы Вячеслав Шиканов электрондық қақпаларды айтып отыр. Көліктердің салмағын өлшеу үшін Қазақстан бойынша биылдан бастап республикалық тас жолдар бойына 16 қақпа қондырылған. Олар стационарлық бақылау бекеттерінің орнын басты. Ақтөбеде автоматты түрде салмақ өлшеу жүйесі әзірге енгізіле қойған жоқ. Бірақ, ел ішінде қызмет көрсететін жүк тасымалдау компаниялары бұл жүйе кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіруде деген пікірде. Бүгін облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен жиында қозғалған басты мәселе осы болды. Басқосуға арнайы шақыртылған «Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы» ММ басшылығы нақты проблемаға тап келген кәсіпкерге оны заң жүзінде сот арқылы шешуге кеңес берді. Егер 2012-ші жылы барлық көлікті бақылау бекеттері 195 млн теңге айыппұл салса, 2013 жылы аталған қақпаларда 715 млн теңгеден астам айыппұл салынған екен. Бірақ, шағын және орта бизнес өкілдері 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды қатаң жаза деп бағалап отыр. |
Количество показов: 1958
Дата создания: 20.02.2014 18:38:47