Бұралқы ит-мысықты аулау басталды
Қалада қаңғып жүрген ит пен мысықтан келер қауіп көп. Бүгін қаламыздағы полицейлер мен ветеринарлар рейд жұмыстарын бастады. Бұл рейд жыл бойы өткізіледі. Олардың міндеті бұралқы ит пен мысықтарды аулау, залалсыздандыру, қажет болса жансыздандыру. Бүгін қаламызда қаңғыбас иттерді аулау бойынша биылғы жылдың алғашқы рейді жүргізілді. Ал, қыркүйек айынан бастап, аталмыш рейд облыс көлемінде жүргізілетін болады. Қалада қаңғыбас иттердің өріп жүретіні қала тұрғындарына жақсы таныс. Қала тұрғындарының тарапынан қаңғыбас иттерге шағым көп. Былтыр облысымызда 14 мыңнан астам бұралқы ит ауланған. Олардың адам денсаулығы мен өміріне зиянсыздарына вакцинация жасалып, қайта босатылды. Ал, денсаулыққа зияны барлар жансыздандырылды.Қазіргі таңда 30-дан аса иесіз ит қамауда. Олар тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, облыс аумағындағы әрбір ауданда ит қамайтын орындар бар. Былтырғы жүргізілген рейд барысында қолға түскен иттердің басым көпшілігі жеке адамдарға тиесілі екендігі анықталды. Егер, қолға түскен иттің иесі анықталса, онда иттің иесі айыппұл төлеуге міндетті болады. Сонымен қатар, облысымызға ветеринария саласы бойынша 34 маман жетіспейді. Қазіргі таңда 700 маман жұмыс істеп жатыр. Аталмыш саланың қызметкерлерінің жалақысы небәрі екі жылдың ішінде 230 пайызға дейін өскен. Биылғы жылы тағы да 50 пайызға көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ, ауылдық округтерге планшет сатып алуға мемлекет тарапынан 64 млн теңге бөлініп отыр.
Количество показов: 760
Дата создания: 27.02.2023 11:53:50