Бүгін елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
Түйетөбе сайына көмілген құрбандар ішінде ұжымдастыру кезіндегі зорлық-зомбылыққа қарсы шыққан Адай-Табын, Ырғыз көтерілісіне қатысқандар, әр жылдары Ақтөбе өңірінде қызмет еткендер де бар. 1990-жылдың басында қазба жұмыстары кезінде Түйетөбедегі сайдың ішінен адамның бас сүйектері мен қаңқалары табыла бастады.
Куәлар мен құжаттар арқылы анықталған соң, 1997 жылы 31 мамырда Түйетөбеде алғаш рет қаралы митинг өтті. Кейін жазықсыздар жаппай атылған жерге ескерткіш орнатылып, ақтөбеліктер ата-бабаларының рухына тағзым ететін орын пайда болды. Жыл сайын 31-ші мамырда ақтөбеліктер балаларын, немерелерін ертіп, осы Түйетөбе басына тәу етуге келеді.1993 жылы Қазақстанда "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды. Ал 1997-ші жылдан бері 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақ халқы елдің генофондына орасан зор зиян келтірген аштықты бастан кешірді. Тарихтың қаралы беттерінің бірі - саяси қуғын-сүргін. Оған Кеңес Одағына мүше болған елдердің азаматтары ұшырады. 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде 642 мыңына қатаң жаза жарияланды.Төбе басындағы жиналыста айтары бар азаматтарға сөз беріліп, жөн жоралғылар жасалды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған мемлекеттік мекемелердің, құзырлы органдардың басшылары ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Кеңес билігі қазақ даласында ұлттық мүддені қорғаушыларға, автономия идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер» деген жала жапты. Халықты оларға қарсы қойды. "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деген ұранмен Қазақстанға ашаршылық алып келген Голощекин дәуренінде жағдай одан бетер ушықты. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға алып келді. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, елден қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия мұрағаттық зерттеулер жүргізеді.Бұл жұмыс тобының құрамына ҚР Ұлттық ғылыми академиясының академиктерінен, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдарынан құралған 69 адам тартылды. Ал 17 өңірде мәслихат депутаттарының, ғалымдардың, өлкетанушылардың қатысуымен консультативтік-кеңесші органдар форматында өңірлік комиссия құрылып, олардың құрамына 265 ғалым алынды.
Количество показов: 926
Дата создания: 31.05.2022 18:32:08