Бүгін дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні
№1 қалалық емханада бүгін ашық есік күні өтті. Келушілер тексерістен өтіп, онколог, аймақтық терапевт, валеолог мамандардан кеңес алады. Кез-келген тұрғын келіп қарала алады, оның науқас болуы міндетті емес. Мамандар скринингтік тексеруден өту аурудың алдын алуға ықпал етеді дейді. Айта кету керек, 2012 жылы республикада қатерлі ісік ауруына шалдыққандар саны 100 мың адамға шаққанда 190,6-ны құраған. Ал аталмыш дерттен болатын өлім-жітім 100 мың адамға шаққанда 103,9-ды көрсетіп отыр. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Мұнда келгендердің көбі осы мақсатта алдын-ала қаралып жатқандар. Аты жаман аурудың алғашқы белгілері біліне сала медицинаға жүгініп ағзаны да, қалтаны да бүтін сақтап қалғылары келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мұрындық болуымен 3-12 ақпан аралығында қатерлі ісік ауруларының алдын алу және оларды ерте анықтау мақсатында онкүндік өтуде. №1 қалалық емханадағы ашық есік күні осы онкүндік шеңберіндегі шаралардың бірі. Облысымызда өкпе, сүт безі және асқазан қатерлі ісігіне шалдығу жиіледі. Аты жаман аурудың ең ауыр түріне шалдыққандар 58,5%-ды құраса, екінші кезеңіндегілер 29%, ал жеңіл түріне шалдыққандар үлесі 12%. Бүгін емханаға скринингтік тексеру үшін келгендердің қарасы мол. Профилактикалық тексеруден бөлек қаралушыларға онколог, аймақтық терапевт, валеолог мамандар кеңес беріп, ақпараттық парақшалар таратты. |
Количество показов: 2418
Дата создания: 04.02.2014 18:30:41