Бүгін - бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні
Бүгін - бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні. Бұл күні дүние жүзінің халқы болуы мүмкін тосын оқиғаларға, табиғи-техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға дайындығын міндетті түрде бір пысықтап алады. Ақтөбелік құтқарушылар да дәстүрден жаңылмады. Олар бүгін жер-жерде оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді. Өздерінің де, тұрғындардың да төтенше жағдайға даярлығын байқады. №3 мектеп-гимназиясында төтенше оқиға. Үшінші қабатта орналасқан химия пәні кабинетінде өрт шықты. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің кезекші бөліміне хабар берген соң, мұғалімдер дереу оқушыларды эвакуация жоспары бойынша сыртқа шығаруға кірісті. Оқу-жаттығу болғасын ба, балалар бір-бірін итермей, үрейге бой алдырмай, асықпай, сап түзеп мектеп ауласында жиналды. Өрт сөндірушілер келгенше, мектеп ішіндегі адамдар түгел қауіпсіз аймаққа шығарылды. Дегенмен, бір оқушы ғимараттың төбесінде қалып қойған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар тез арада альпинистік жабдықтардың көмегімен төбеде тұрған баланы төменге түсірді. Зардап шегушіні апаттық медицина орталығы дәрігерлері ауруханаға әкетті. Ойдан шығарылған желі бойынша ұйымдастырылған тактикалық оқу-жаттығу шарасы кезіндегі құтқарушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен тұрғындардың әрекетін төтенше жағдай департаменті басшылығы жақсы деп бағалады. Бастысы - балалар мұндай кезде не істеу керектігін өз көздерімен көрді. Азаматтық қорғанысты қамтамасыз ететіндердің бірі - суда құтқарушылар. Олар бүгін Ақтөбе сервис колледжінде сабақ өткізді. Судағы құтқарушыға қажетті барлық құрал-жабдықтарды студенттер алдына жайып салды. Қыз-жігіттер сүңгуірдің киімін киіп көрді. Арқаға ілінетін ауа толтырғыштың ауырлығына көз жеткізді. Аяққа киетін арнайы аяқ киімнің ыңғайсыздығын байқады. Бір сөзбен айтқанда, құтқарушы болудың қиындықтарын сезінді. Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы 1937 жылы құрылған. Ұйым дүние жүзі халықтарының азаматтық қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы саясатын жүргізеді. Біздің елдің төтенше жағдайлар министрлігі бұл ұйымға 1996 жылы мүше болған. Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күнін жыл сайын наурыздың 1-інде атап өту туралы шешім 1990 жылы қабылданды. Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінде қазір 600-ге жуық адам еңбек етеді. |
Количество показов: 3767
Дата создания: 01.03.2013 19:00:42