Азық-түлік бағасын тұрақтандыру келісімі жасалды
Бүгін Ақтөбе қаласының әкімдігі ірі сауда желілерімен өзара келісе отырып азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында ірі сауда желілері мен супермаркеттер тауарлардың бағасына 10 пайыздық үстеме қосумен шектеледі. Меморандумға «Анвар», «Дина» және «Ахтан Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қол қойды. Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанованың айтуынша мұндай шара 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Нәтижесінде «Метро», «Олжа» секілді ірі сауда орындары, «Дина», «Әнуар» секілді желілік дүкендер халыққа тиімді баға ұсынуда. Ауылдағы қарапайым шаруалармен, жекелеген өндірушілермен тікелей байланыс орнатылып, үш жақтың да шаруасы дөңгеленіп жатыр. Яғни өндірушілер тауарын оңтайлы жолмен өткізе алуда, дүкендер арзан және сапалы тауарлармен қамтамасыз етілуде, халық болса азық-түлікке қолайлы бағамен қол жеткізуде. Келісім нәтижесінде қаламызда азық-түлік түрлері республика бойынша ең төменгі бағамен сатылуда. Мәселен елдегі ең арзан сұйық май бізде, бағасы 200 теңге. Ал алма 130 теңгеден саудаға шығарылуда. Дүкендер халық көп тұтынатын тауарларға 7 пайыздан артық үстеме баға қоспайды, ал ұн және нан бағасын тек 2-ақ пайызға еселейді. Тұрғындарға қызмет көрсету мұнымен шектелмейді. Кәсіпкерлік бөлімі жәрмеңкелер өткізіп, халықты жергілікті ауыл шаруашылық өнімдерімен ұдайы қамтамасыз етіп тұрады. Қазір қалада картоп-60, қырыққабат-45, сәбіз-60, қызылша-75 теңгеден саудаға түсіп жатыр. |
Количество показов: 2056
Дата создания: 27.12.2013 18:38:30