Аймақ басшысы 110 жастағы тыл еңбеккеріне сәлем бере барды
Ақтөбеде әжелер мен келінде керуені өтті. Ақ кимешек киген 100 әже мен ақ орамалды 100 келін қала көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындарды таңғалдырды. Сондай-ақ, көрісу күнінде аймақ басшысы 110 жастағы тыл еңбеккерінің үйіне барып, көрісіп қайтты.Ақтөбе өңірінде жалпыұлттық Наурызнаманың онкүндігі аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылуда. Облыс орталығында 14-наурыз Көрісу күніне орай, «Амал келді – жыл келді» атты мерекелік бағдарламасы өтті. Мерекелік бағдарлама ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан "Бастаңғы" дәстүрімен бастау алып, 100 әже, 100 келін керуенімен ұласты.
Ақжаулық әжелер алаңда жиналған жұртпен амандасып, Көрісу дәстүрін көрсетті, келіндер үлкендерге сәлем салды. Ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген шара соңында ақтөбеліктер жайылған дастарқаннан, Наурыз көжеден дәм татты. Одан бөлек, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстарға қатысып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Бүгінгі амал мерекесі қарсаңында өңір әкімі Асхат Шахаров 1 ғасырдан астам өмір сүрген кейуана мен отбасының үйіне көрісіп барды. Үлкенге құрмет көрсеткен облыс әкімі ақжаулықты әженің батасын алып, Наурыз мейрамымымен құттықтады. Кейуана- 1915 жылы дүниеге келген. Сұрапыл соғыс жылдарын басынан өткізген. Әженің үш немересі мен жеті шөбересі бар.
Кейуана қамбада астықты таразылаудан бастап, тракторды тізгіндеуді жетік меңгерген. Кітапханашы, сауыншы болып жұмыс істеген. Жолдасы Ғабит Бисенғалиев соғыстан елге І топтағы мүгедек болып оралып, 1993 жылы өмірден өткен. Бүгінде Ақтөбеде 100 жастан асқан екі адам тұрады. Сәуір-мамыр айларында тағы бес ақтөбелік ғасырлық мерейтойын атап өтеді.
Количество показов: 62
Дата создания: 15.03.2025 14:48:45