Аяз күшейгелі үсік шалғандар көбейді
Ермек Ақмамбетов облыстық жедел жәрдем ауруханасының жарақат бөліміне осы айдың басында жеткізілген. Родниковка ауылының 27-жастағы тұрғыны бір қыстаудан екіншісіне бет алған жолда мінген аты қашып кетіп, түн ішінде далада қалған. Қатты аяз болмаса да, тұман көтеріліп, жолаушы жолынан адасқан. 3-4 сағат жаяу жүрген ол шаршап, отырған күйі ұйықтап кеткен. Дәрігерлер жігітке ота жасап, аяғының тізесінен төмен қарайғы бөлігін кесіп тастады. Науқас әлі де ем қабылдайды. Жарақатқа жәрдем ету бекетінің меңгерушісі Бағлан Рахметовтың айтуынша, қаңтар басталғалы мұнда беті-қолы үсіген тоғыз адамға медициналық көмек көрсетілген. Үш кісі: боранды күні жолда қалған жүргізуші және екі кезбе ауруханаға жатқызылды. Ішімдік ішіп, далада ұйықтаған екі тұрғын дененің салқындауы диагнозымен ем алды. Боран мен аяз күшейгелі облыста жол-көлік оқиғалары көбейіп, сәйкесінше жарақат алғандар саны артқан. Ақ халаттылар 20 күннің ішінде жолда апатқа түскен 53 адамның жарасын таңып берген. Тайып құлап, түрлі дене мүшесін зақымдап алған 200-ден астам тұрғынға қажетті ем жасалды. Дәрігерлер ақтөбеліктерге аязды күндері жылы киініп жүруге, алыс сапарлардан бас тарта тұруға кеңес береді. |
Количество показов: 2166
Дата создания: 21.01.2014 19:52:02