Аяз басталғалы әлеуметтік бейімдеу орталығы лық толы
Қытымыр аяз көше кезбелерін белгілі тұрағы жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығына жинады. 65 орынға есептелген уақытша тұрақты қазір 99 адам паналап отыр. Бұдан бөлек, мекеме жанынан түнеп шығатын 20 орындық бөлме жасақталған. Алайда, ай басталғалы мұнда тек екі адам түнеген. Паналаушылардың қысқы жылы киімдері жоқ. Сондықтан, бүгінгідей аязды күндері олар орталықтан аттап баспай, іште отыр. Тұрақтағы әйелдер қазір іштен ашылған қолөнер бұйымдарының цехында қолғап, шұлық тоқып, киім тігумен айналысып жатыр. Қала тұрғындары әкелген ескі киімдердің пайдаға жарамдысын киіп, жарамсызын шикізат қылады. Ерлер жағы қар күреу, аула сыпыру секілді сыртқы шаруаға тартылған. Мекеме басшысы болашақта қаладағы бүкіл кезбені ортақ мәліметтер базасына тіркемекші. Оған үйсіздердің жеке тұлғасы туралы толық ақпарат енгізіледі. Орталық директоры Сабырғали Дәулетовтың айтуынша, мекемені паналаушылардың көбінің атынан белгісіз фирмалар ашылып, несиелер алынған. Иелері бұдан бейхабар. Көше кезгендерді есепке алудың қажеттілігі осыдан туып отыр. Қаңғыбастар ресми есепке алынса, құжаттары түгелденіп, қаржылық қитұрқылықтан алыс жүрер еді, дейді мекеме басшысы. |
Количество показов: 1803
Дата создания: 31.01.2014 16:13:27