Ауыл тұрғындары судан аман ба?
Өңірдегі жауапты мамандарға су тасқынынан келетін қауіп-қатерді азайту жұмыстарын күшейту міндеттелді. Облыс әкім Асхат Шахаров су тасқынына қарсы штаб жиынын өткізді. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жанабергеновтың мәліметінше, облыс орталығы мен бірнеше ауданда өзендердің қауіпті аумақтарында жүргізілген мұз жару жұмыстары аяқталды. Еріген қар суларын сору, қар шығару, су арналарын кеңейту, арықтар мен су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.Ал, Ойыл ауданының Ойыл ауылы аумағында су шайған өткелді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы ауылдың кіреберісіндегі Ойыл өзені арқылы техникалық көпір салу жұмыстарын жедел аяқтауды қатаң тапсырған болатын. Алайда, кеше Ойылдағы уақытша көпірді су шайып кетті. Бұл көпір ауылға кіреберістегі көпірді іске қосқанға дейін ұйымдастырылған болатын. Арнайы техникалар жол қатынасын қалпына келтіру үшін шұғыл жұмысқа кірісті. Көлік қатынасы уақытша тоқтатылды. Жауаптылардың сөзінше, тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиға орнында ТЖД кезекшілік етуде. Жөндеуге 18 арнайы техника, 70-ке жуық адам жұмылдырылған. Тұрғындар қайық арқылы өтіп жатыр. Ал, өзге аудан басшыларына көктемгі тасқын кезінде автожолдардың су басу қаупі басым проблемалық учаскелерін жіті бақылауға алу жауапкершілігі жүктелді. Әйтеке би ауданында қар шығару жұмыстары қарқынды. Былтыр жалпы 14 мың текше метр, биыл жыл басынан бері 29 мың текше метрден астам қар шығарылды. Мұз жару жұмыстары жүргізілді. «Алға-Қарабұлақ» бағытында салынған көпірдің бір жақ бөлігі пайдалануға берілді. Бұл көпір былтырғы көктемгі су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалған еді. Былтыр қарашада көпірдің құрылысына «АссанаДорСтрой» серіктестігі кірісті. 36 шақырымды құрайтын нысан толықтай аяқталған жоқ. Мердігерлер жоба құрылысын қайта қолға алып, аяқтайды.Ырғыз ауданының 7 ауылында су тасқыны деңгейін бақылауда ұстау үшін гидробекеттер орнатылды. Ырғызда 110 текше метр қар суын сору жұмыстары жүргізілуде. 250 мың дана қапшық, моторлы және резеңке қайықтар мотопомпалар дайын тұр.
Количество показов: 53
Дата создания: 18.03.2025 06:03:25