Ауған соғысында қаза тапқан жауынгердің анасына құрмет көрсетілді
Жалғыз ұлы мен жолдасының артында қалған ақтөбелік қария Любовь Шведцованы бүгін қалалық әкімдік қызметкерлері құттықтады. Қала әкімі Ерхан Омаровтың атынан зейнеткерге 8-наурыз қалықаралық әйелдер күні қарсаңында мерекелік сыйлық тарту етілді. Жалғызбасты ана Ауған соғысында қаза тапқан ұлы жөнінде естеліктерімен бөлісті. 77 жастағы Любовь Шведцова мереке қарсаңында үйіне сыйлықпен келген жергілікті билік өкілдеріне дән риза. Қонақ күткенді жаны сүйетін қария дастарханына барын қойып, меймандарға шәй-суын ұсынды. Әңгіме-дүкен құрып, естеліктер айтты. Қарияны әбден түсінуге болады. 2005-ші жылы жолдасынан айырылған соң, пәтерінде жалғыз өзі өмір сүруде. Ал осы қыстан бері мүлдем үйінен шығудан қалған. Азық-түлік, дәрі-дәрмегін жеткізіп беру әлеуметтік жұмысшыларға жүктелген. Любовь Шведцованың жалғыз ұлы ұшқыш Константин Шведцов 1985-ші жылы Ауған соғысында қаза тапқан. Константин Шведцов 24 жасында қазанның бірінде Кандагарға әскери тапсырмамен жіберіліп, 12-ші күн дегенде Кабул түбінде өлім құшты. Ол басқарған МИ-8 тікұшағы зымыранмен атқыланған. 8-наурыз халықаралық әйелдер күнінде жергілікті билік ешбір ана, қыз-келіншектің назардан тыс қалмауына күш салуда. Қала әкімдігі 8-наурыз мерекесі қарсаңында түрлі санаттағы 70-ке жуық әйелді үйлеріне барып құттықтауда. |
Количество показов: 2247
Дата создания: 06.03.2013 19:10:10