Ауған ардагерлері қаруластарын еске алды
Біздің сарбаздар бейбітшіліктің әскері болса екен. Ауған соғысы ардагерлерінің тілегі- осындай. Сенбі күні қаладағы интернационал- жауынгерлерге қойылған ескерткіш жанында митинг өтті. Бір минут үнсіздік. Ардагерлер санаулы уақыттың ішінде ұрыс даласында қалған жауынгер достарын еске алды. Ауған соғына аттанған 22 мың қазақстандықтың мың жарымы- біздің жақтың жігіттері еді. 26 сарбаз сол кеткеннен оралмады. Біреуі- хабарсыз жоғалды. Бірақ, олар-туған-туысқандарының,майдангер достарының, елінің есінде. Митингке келгендер 15 ақпан-біздің әскердегі өмірімізді ғана емес, жігіттік шағымызды еске алатын күн дейді. Жасы жиырмаға енді толған жігіттер интернационалист-жауынгер атанып, өздеріне берілген тапсырмаларды әскери анттарына сай орындады. Бұйрықты бұлжытпай, оқ атқанға оқ атқаннан артық әрекетке бармады. Азаматтық борышын өтеуге аттанып, үйіне оралуға сөз берген он сегіздегі жігіттер оққа ұшып, кейін ыдырап кеткен отан үшін жан қиды. Жылдағыдай ауған жауынгерлері араларынан озған қаруластары жатқан аумаққа ат басын бұруды ұмытпады. Олар жатқан зиратқа барып, тағзым етті. Аналар қыршын кеткен ұлдарын жоқтады. Әлі күнге дауы бітпеген соғыстың зардабын тартып жүргендер жылына бір мәрте бас қосатын 15-ақпан - мырыш табыттардың тоқтаған күні. Бірақ, бәрі біткенімен ауған ардагері деген атақ алғандардың проблемасы біткен емес. Оның ең бастысы баспана мәселесі. Баяу жылжитын үй кезегі онсыз да жүйкесі сыр беріп оралған ардагерлердің жүйкесін одан сайын жұқартып тұр. |
Количество показов: 1897
Дата создания: 18.02.2014 12:48:32