Атырау облысының тарихи- өлкетану мұражайы Ақтөбеде
Атырау облысының тарихи- өлкетану мұражайы Ақтөбеде. Көшпелі көрмені қала тұрғындары Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды музейінде тамашалай алады. Мәдени шара қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орайластырылып отыр. Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел, Ұлы Отан соғысының ардагері Хиуаз Доспанованың туғанына биыл 100 жыл. Ол түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын 588- ші әйелдер авиаполкінің құрамында соғысқан. 300- ден аса әуе шабуылына қатысқан өжет қыз. Аты аңызға айналған батыр қызды әр қазақ білуі тиіс. Жылжымалы музейдің ел шарлауының себебі де осы. Хиуаз Доспанованың екінші дүниежүзілік соғысындағы ерлігі мен батылдығы үшін наградалары көп. "Қызыл ту" ордені, "Кавказды қорғағаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдары мен "Қызыл жұлдыз" ордендері бар. Экспозицияға ұшқыштың 90- ға жуық жеке заты қойылып отыр. Фотосуреттері, сарғайған газет беттеріндегі материалдар мен грамоталары да бар.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында болған. Ақтөбеден кейінгі аялдама-Батыс Қазақстан облысы. Осылайша музей ұжымы батыр қыздың ерлігін бүкіл елге паш етпек. Хиуаз Доспановаға арналған экспозиция 22-мамырға дейін Ақтөбеде болады. Айта кетейік, бүгін халықаралық музейлер күні. Осыған орай кешкі сағат тоғыздан түнгі екіге дейін, Батыс-2 ауданында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейінде "Түнгі музей" акциясы өтеді. Кіру тегін.
Количество показов: 772
Дата создания: 18.05.2022 18:07:06
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>