Қаржы пирамидасын құрғандар сотталды
48 айыпталушының алдағы тағдыры шешілген сот процесі ұзаққа созылды. Үкім бірнеше сағат бойы оқылды. Судья Сейфолла Тасымбетов «Выгодный займ», «Гарант 24 Ломбард», «Эстейт Ломбард», «Нұр-Али Капитал» компанияларының құрылтайшысы әрі жетекшісі Жанболат Есіркеповке 18 жыл түрме жазасын берді. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді. Бұдан былай коммерциялық және қаржылық ұйымдарға жетекшілік ете алмайды. Судья кінәлілерге орташа - 10 жыл, ең азы 7 жыл түрме жазасын тағайындады. Тергеу орындары Жанболат Есіркепов бастаған жалпы саны 48 адамды «17 мыңнан астам қазақстандықтың қаржысын алаяқтық жолмен иемденді» деп айыптаған. Сотталушылар арасында айыбын ішінара мойындағандар, мүлдем мойындамағандар да бар. Ешқайсысы айыптарды толық мойындамады. Ақтөбе соты бұл істі 2020 жылғы қараша айынан яғни, 1 жарым жылдан астам уақыт бойы қараған. 3 786 параққа жазылған істе 17 мың 268 адам жәбірленуші ретінде танылған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 30 млрд 220 млн теңгеден асады. Айыпталушылар қазақстандықтарға микронесие берумен айналысқан. Тергеудің мәліметінше, компания есепшотына 300 мың теңге алғашқы жарна салушыларды олар ай сайын 35-48 пайыз өсім болады деп сендірген. Айыпталушылар қазақстандықтардан жылжитын және жылжымайтын мүліктерден өзге бағалы зергерлік бұйымдарды да сатып алып отырған.Сот үкімінің бір бөлігі 31-ші тамызда оқылады. Онда зат айғақтары мен жәбірленушілердің шағымы бойынша шешім айтылады.
Количество показов: 690
Дата создания: 26.08.2022 19:47:46