Қар тазартатын көліктер тексерілді
Қаһарлы қысқа дайынбыз ба? Бүгін "Қазақавтожолы" мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы қысқа дайындықтарын пысықтады. Арнайы техникалар сынақтан өткізілді. Аталған мекеме республикалық маңыздағы жолдардың жағдайына жауап береді. "Қазақавтожолы" мемлекеттік кәсіпорыны облыстық филиалының жолды қардан тазарту жұмыстарына 77 арнайы техникасы жұмылдырылады. Бүгін бақылаудан өткізілгені- тек жартысы ғана. Кәсіпорынға қарасты 5 жол-пайдалану учаскесі бар. 8-учаскенің басшысы Ғалымжан Анарбектің айтуынша, мекемедегі арнайы техника қысқы маусымға 90 пайызға сақадай сай тұр. Барлық көлік техникалық бақылаудан өткізілген. Қазір облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы - 1864 шақырым. Жолдың дер кезінде қардан аршылуына жауапты жалғыз мекеме осы - "Қазақавтожолы". Бүтін бір өңір үшін тек қысқы маусымға арналған 77 көліктің аздық ететінін мамандар да растайды. Қақаған қыста қиындық келтіретін жолдар да бар. Ғалымжан Анарбектің айтуынша, әсіресе Хромтау тас жолы, Ақтөбе-Орск бағытындағы Қосестек ауылының маңы жиі ақтүтек боранның астында қалады. Онсыз да аз техника көп жағдайда осы күрделі жол бөліктеріне жұмылдырылып, өзге аумақтарда қар құрсауында қалғандардың жиі шағымданатыны сондықтан. |
Количество показов: 1854
Дата создания: 29.10.2013 19:46:27