Қамқоршылар марапатталды
Шаһардағы Астана ауданында 220-дан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оларды 180 отбасы бауырларына басқан. Бүгін аудандағы берген тәрбие, білімімен үлгі болған 20 қамқоршы марапатқа ие болды. Қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева алғыс хаттар табыстады. Өз балаларымен қатар өзгені бағып, тәрбиелегендері үшін алғыс алғандардың бірі - Ақзия Сәдуақасова. Өз балалары жетіліп, бөлек отбасылы болған. Кенже ұлынан туған 3 немересімен қосып, тағы 5 баланы қамқоршылығына алған. Бесеуі де туысының сәбилері екен. Қазір екі қызын ұзатып, қалғандарын оқытып отыр. Ал, Балсұлу Бәкешова өз қызының екі баласын бауырына басыпты. Қызы қайтыс болған. Байғанин ауданынан көшіп келген апай жиендерін жетімсіретпес үшін қамқоршы болып отыр. Қазір үлкен жиені жұмыс жасайды. Кішісі мектепте білім алады. Өңірімізде қамқоршылар мен қорғаншылар ай сайын 1 бала үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша алады. Одан өзге, патронаттық тәрбиеші болуға болады. Ол үшін тәрбиешінің жоғары педагогикалық білімі болуы шарт. Еңбек өтілі есептеледі. Мамандардың айтуынша, бала асырап, қамқоршы, қорғаншы немесе партонаттық тәрбиеші болам деушілер қалалық білім бөліміне хабарласа алады.
Количество показов: 908
Дата создания: 29.10.2019 18:39:29