"Алтын алқа" иесі Күләнім Рахметованың баспанасы құлағалы тұр
Қала шетіндегі Вохр ауылының тұрғыны Күләнім Рахметова көмекке зәру. Іргесі сөгіліп, төбесі құлағалы тұрған баспанасында бала - шағаммен қалай қыстап шығамын,- деп зар илейді жалғызбасты әйел. "Шықпа жаным, шықпа" деп тірлік кешкен көп балалы ананың шыдамы таусылды. Үй кезегіне 2003 жылдың сәуір айынан бастап тіркелген Күләнім Рахметованың кезегі де жылжыр емес. Жуырда нөсерлетіп жауған жаңбырдан баспананың төбесі тесілген. Тығырыққа тірелген отбасы қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия мүшелерін шақыртып, оны да көрсеткен. Бірақ, билік үй тұруға жарамды деп шешім шығарыпты. Күләнім Рахметованың бір баласы мүгедек. Ал жұмысқа жарамды деген ұлдары оқу - тоқусыз болғандықтан, кез - келген қара жұмысқа жегіліп, табыс табады. Онысы ішер астан ауысар емес. Қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Ботагүл Құттымұратованың мәліметінше, Күләнім Рахметова көп балалы ана және толық емес отбасы санаты бойынша екі тізімде тұр. Баспанаға мұқтаждар көп. Кезектің баяу жылжып жатқаны сондықтан,-дейді шенеунік. Ботагүл Құттымұратова келтірген дерекке сүйенсек, көп балалы ана санатындағы тізімде қазір 515 адам тіркеуде. Ал толық емес отбасылардың саны 3000-ның үстінде. Егер он жылға жақындағанда кезектегі жүз адамның саны елуге қысқарса, Күләнім тізімнің басына жету үшін тағы он жыл сарыла күтуі тиіс пе? Есептеп қарасақ солай. Бірақ, билікте нақты жауап жоқ. Төбесі тесік үйдің шаңырағы тағы бір жауыннан соң ортасына түспесе игі. |
Количество показов: 3253
Дата создания: 31.07.2012 19:09:21