Соңғы аптада облыста коронавируспен аурушаңдық деңгейі екі есеге азайды. Өткен тәулікте 66 ақтөбеліктен ковид анықталды. Ал жыл басынан бері 8692 адам коронавируспен ауырған. Мұндай деректерді бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Райхан Қойшанова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров келтірді. Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. 9- ақпаннан бастап өңір «сары» аймақта. Соңғы аптада ковидпен аурушаңдық деңгейі 1,9 есеге азайғаны байқалды. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің мәліметінше, ақпан айы басталғалы бері 1230 ақтөбеліктен коронавирус анықталды. Ал, өткен тәулікте 66 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен. Жыл басынан бері облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне 47 мобильдік топтан және полиция органдарынан түскен материалдардың негізінде карантиндік шектеу тәртібін бұзғандарға қатысты 918 900 теңге айыппұл салынды. Жалпы 20 әкімшілік іс қаралды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, елімізде пандемия белең алғалы бері 43 651 ақтөбелік ковидпен ауырған. Оның 39 997-сі ауруынан айығып шықты. Қазіргі таңда провизорлық ауруханаларда 242 науқас ем алуда. 28 адам жансақтау бөлімінде індетпен күресіп жатыр. Атап өтейік, өткен жылдың ақпан айынан бері өңірге 1 миллионнан астам доза вакцина жеткізілді. 1-кезеңде 395 011 адам, 2-кезеңде 372 712 адам екпе алды. Ревакцинациядан 75 736 ақтөбелік өтті. Еске салайық, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты облыстың бас санитарлық дәрігерінің 10 ақпандағы №5 қаулысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, алдағы дүйсенбіден бастап мектеп оқушылары түгелдей мектепке барып оқиды.
Количество показов: 554
Дата создания: 11.02.2022 19:41:37
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>