Алаяқ әйелге шығарылған үкім өзгеріссіз қалды
30-дан астам адамды тақырға отырғызған алаяқ әйелді 7 жылға бас бостандығынан айыру жеңіл жаза. Пәтер сатып алуға көмектесемін деген 34 жастағы келіншектің сөзіне алданып, 180 миллион теңгеден қағылған жәбірленушілер №2 қалалық соттың үкіміне қанағаттанбай, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Олар алаяқ әйел Гүлмира Мұқатованың жазасын 10 жылға дейін өсіруді талап еткен. Бүгін судья Гүлжаһан Байтұрсынова №2 қалалық соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ал сотталушы Гүлмира Мұқатова адамдарды пәтер алып беруге көмектесемін деп алдап соққан. Әйелге қолма-қол ақшаларын сеніп тапсырғанның көбі оның таныстары. Тағы бір зардап шегуші 53 жастағы әйел. Мұқатова оның ұлының жақын танысы. Бұл отбасы алаяқ келіншектің қармағына бір емес екі мәрте түскен. Алғашында Мұқатова оның баласынан ірі көлемде қарызға ақша алып, қайтармай қояды. Кейін сіздерге арзан бағасына пәтер алып беруге көмектесіп, кінәмді түзеймін деп отбасының жеті жарым миллион теңгесін тағы алады. Мұқатова сұраған 7,5 миллион теңгені әйел 5 адам болып тұрып жатқан жалғыз баспанасы, бір бөлмелі пәтерін және ұлының "Лексус" маркалы көлігін сатып, таныстарынан қарыз алып, тауып беріпті. Балалары, немерелерімен бірге пәтер жағалап қалған әйел Мұқатованы түрмеге жаптырғаннан жоғының орнын толтыра алмасын біледі. Өзгелер де ақшаларын кімнен өндіріп аларын білмей дал. Жұртты алдап соққан Гүлмира Мұқатова 4 баланың анасы. Бұрын-соңды еш жерде жұмыс істемеген. Алаяқ келіншекті 7 жылға соттау жазасымен келіспегендер соттың келесі сатысына жүгінуі мүмкін. |
Количество показов: 2232
Дата создания: 26.12.2013 19:20:20