Алаш көсемдеріне арналған "Азаттықтың ақ таңы" мемориалды кешені ашылды
25-желтоқсан күні Әлия Молдағұлова мен Тәуелсіздік даңғылдары қиылысында тарихи жадымызды жаңғыртуға арналған мемориалдық кешен ашылды. "Азаттықтың ақ таңы" деп аталатын бедерлі композицияда тәуелсіздік жолында күрескен Алаш қайраткерлері бейнеленген. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Темірбек Жүргенов пен Ұзақбай Құлымбетовтің туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, келушілермен бірге мемориалды кешенге гүл шоқтарын қойды.Ұлт бойындағы рух пен ұлы мұраттың бұлқынысы, жаңа толқыны болған Алаш қайраткерлерінің еңбегі ерен, өлшеусіз һәм ұмытылмас. Мұны өскелең ұрпақ білуі тиіс. Өткен сенбі күні ашылған мемориалды кешен де сол үшін бой көтерді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Т.Жүргенов, М.Тынышбаев пен Ұзақбай Құлымбетов сынды қайраткерлер бейнесінің кейінгі жас буын санасында сақталып, қалдырған еңбектерінің насихатталуын мақсат тұтты. Маңызды шараның шымылдығы "Алаш ұраны" гимнімен түріліп, "Алаш" партиясының туы көтерілді. Азаттықтың ақ таңын көрген бүгінгі ұрпақ бақытты. Ал осы жолда бар өмірін сарп етіп, жанын пида еткен тұлғалар аз емес. Шараға жиналған зиялы қауым өкілдері Алаш арыстарының өмір жолын мысал етіп, бейбіт күнді мәңгі ету жолында аянбай тер төгу керектігін баса айтты.
Айта кетейік, бедерлі композицияның биіктігі 5, ұзындығы 7 метр. Ерекше туындының авторы белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.
Количество показов: 857
Дата создания: 27.12.2021 18:39:23
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>