Қаланың солтүстік айналма жолы іске қосылды
"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізі Ақтөбе облысындағы бөлігінің құрылысы толықтай аяқталды. Бүгін транзиттік дәліздің соңғы учаскесі - қаланың солтүстік айналма жолы іске қосылды. Енді ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері қалаға соқпай, діттеген жерлеріне айналма жол арқылы өтетін болады. Ақтөбе облысы "Ұлы жібек жолының" заманауи нұсқасы саналатын "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" транзиттік көлік дәлізінің осы аймақ арқылы өтетін бөлігін елде алғаш болып салып бітірді. 624 шақырымдық жолдың соңғы 40 километрі - Ақтөбе қаласының солтүстік айналма жолы. Көлік торабы бүгін салтанатты жағдайда ашылды. Жолда апат болмасын деп құран оқылып, алғашқы жүк көліктері жүріп өтті. Ақтөбе-Орск тас жолының 16 шақырымында орналасқан мына жол айырығы айналма жолдағы үш айырықтың ең ірісі. Сегіз жапырақты. Бір-біріне шиеленіскен жолдарға нұсқаушы белгілер қойылған. Ені 9 метр. Жол жабыны 13 тонналық көлікті көтереді. Солтүстік айналма жол Ырғыз ауданынан тартылған дәлізді Хромтау ауданы арқылы тікелей Мәртөк ауданымен байланыстыратын бөлік. Жол екі ауылдың үстімен өтеді. Оның бойында 10-нан астам шаруаның жері бар. Жергілікті билік оларды 60 миллион теңгеге сатып алған, немесе басқа аумақтан жер берген. Адам аяғы баспаған кең далада жаңа жол торабы екі жыл салынды. Құрылысымен отандық "Қазақжолқұрылысы" компаниясы айналысты. Жобаның құны - 12 миллиард теңге. Айналма жолдың бойында 4 көпір, 3 жол айырығы бар. Құрылысқа 1 мыңнан астам жергілікті тұрғын тартылды. Жергілікті билік енді қаланың оңтүстік айналма жолын ретке келтіруді ойластырып отыр. Ол торап жүк тасымалдаушыларды Қобда ауданы арқылы Атыраудан асырып, Астрахань жолына шығаруы тиіс. Ал бүгін тапсырылған айналма жолдың арқасында қаладағы Кеңес Нокин және 312-атқыштар дивизиясы даңғылдары көліктен біршама босайтын болды. |
Количество показов: 2038
Дата создания: 01.11.2013 19:25:11