Қаланың қарын 200 техника тазартуда
Қалаға қыс келді. Түнімен толассыз жауған қар жолдағы қозғалысты қиындатты. Көлік жүргізушілері әбігерге түсті. Осыны ескеріп, жергілікті билік қала көшелерін қардан тазартуға 200 арнайы техника шығарды. Қала қысқа дайын. Қар тазалаушы техникалар да сақадай сай. Арнайы техника жауған қарды түнгі екіден бері тазартып жатыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөліміндегілердің айтуынша, қала мен селолық округтерді қардан тазартуға барлық тазалық мекемелері жұмылдырылған. Кешегі жауынның үстіне жауған қар жолдың бетін көктайғақ қылмас үшін арнайы инертті материалдар да себіледі. Тегіс жолда жүйткіп үйренген көліктер бүгін баяу қозғалды. Әсіресе, көпірге мінер тұста. Ауа райы бұған дейін айтарлықтай мінез таныта қоймағандықтан жүргізушілер де бейқам жүргенге ұқсайды. Темір тұлпарлар бүгін таң ата дөңгелек жөндеу орталықтарына ағылды. Дөңгелек жөндеу орталықтарының маңы-ығы-жығы халық. Дөңгелектерін арқалаған жүргізушілер кезекке тұрды. Қысқы дөңгелекті ауыстырып бергені үшін арнайы орындар 2 мың теңгеден жоғары алады. Құны - дөңгелектің көлеміне байланысты. Қала тұрғындарының тазалық мекемелеріне айтар ұсыныстары бар. Орталық даңғылдармен бірге қосалқы көшелер де ара-тұра болса да тазаланып тұрса дейді олар. Тазалық мекемелері тазартатын аумақ- 3 млн текше метрді құрайды. Оның дені- қаланың көшелері. Қар толассыз жауған мезетте бірінші кезекте қоғамдық көлік жүретін жолдар тазартылады. Одан бөлек, жол бойындағы жиектастардың маңын тазартуға 16 бригада жұмылдырылған. |
Количество показов: 2222
Дата создания: 04.12.2013 18:56:47